Абдуллаһ ибн Масғұттың әңгімелеуі бойынша: Пайғамбарымыз бірде жалаң шиден жасалған төсенішке жатып көз ілді. Тұрған кезде мүбәрак тәніне түскен шидің іздері байқалды. Оны көріп, жаны ашығандар:
– Ей, Аллаһ тағаланың құрметті елшісі! Біз сізге бір жұмсағырақ төсеніш алайық та? – деп сұрады. Сонда ардақты Расулаллаһ:
– Е-е, бұл жалған дүниені қайтейін?! Мен бұл дүниеде ағаш көлеңкесіне сәл ғана аялдап, жолын қайта жалғастырған жолаушы іспеттімін, – деп жауап берді.
Иә, адам баласы бұл өмірге қонақ әрі жолаушы ретінде келеді. Бұ дүниедегі бар дүние-мүлік оның ұзақ сапарына жолшыбай қажетті керек-жарақ қана болмақ. Олай болса «қонақтың» үй иесінің ісіне араласпасы белгілі. Қонақүйді де өз мүлкіндей иемдене алмасы, ешқандай да үкім жүргізе алмасы да анық жайт. Өзіне көрсетілген сый-құрмет пен бұйырған дәмге де ләм-мим дей алмасы, үй иесіне қарсы шығып, надандыққа баса алмасы, алдына сонша дәмді жайып сап отырғанда үй иесін сынап-мінеуі де дұрыс емес екендігі кімге де болса аян.
Сондай-ақ, қонақ өзі ала келмеген нәрсесі мен өзімен бірге ала кетпейтін нәрселерге де көңіл аудармасы, оған құлықсыз болары даусыз. Расулаллаһ бір күні Ибн Омардың иығына қол салып былай деді:
«Бұл пәниде өзіңді жат жұрттық секілді сезініп өт! Ылғи да өзіңді жолаушымын деп біл әрі өзіңді қабірде жатқандардың қатарында сана!».
Ибн Омар (р.а.) да оның айтқандарын сол күйі бұлжытпай орындап, өзі де артқыға былай деп өсиет қалдырған екен:
«Түнге қалсаң таңды күтпе, таңды атырсаң кешті күтпе. Денсаулығың болса ауырмауға әрекет жаса, өміріңді өлімге дайындық деп есепте».
Иә, біздің халіміз төмендегі мына екі ауыз өлеңде айтылғандай:
Ана жатырынан шықтық базарға,
Бір кебін алып қайттық мазарға...
Расында да, бұл дүниенің о дүниеге қарағанда құнсыз әрі көзді ашып-жұмғандай өтпелі екендігін кімде кім түсінсе өкінбес еді. Қазақтың «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деуінде де үлкен астарлы ой жатса керек?!
Құдайберді Бағашар
"Тағылым тамшылары" кітабынан