«Кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, оны көреді,
Ал, кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны да көреді»
(Зілзала сүресі)
Мына суретке қарап, ойланып, толғанып сол ойыма түскен заттарды оқырманға қалай жеткізер екенмін деп жазу үстелінде терең ойланып отырып балалық шағыма қалай саяхаттап кеткенімді білмей қалыппын...
Балғын балалық шағым... Ауылда ата-әженің қолында қазақи салт-дәстүрмен тәрбиеленген қара домалақ бала кезім. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-санамыздың қаймағы бұзылмаған сол заманда ауыл қарттары туыстық, ағайындық қарым-қатынасты жандындыру мақсатында бірін-бірі жиі қонаққа шақырып, бас қосатын еді. Сол бір басқосуларды бізде, бала көңілімізбен елеңдей тосатынбыз, ондағы бар ойымыз ата-әжеміздің отырыстардан бала-шағасына деп ала келетін «сарқыты» болатын.
Бір күні қонақтан қайтып келген ата-әжеміз бар тапқан-таянған сарқытын бізге теңдей етіп бөліп берді. Тәтті десе көзі тұнып кететін бала көңіл үлесімізге тиген дәмділерді қомағайлана жей бастадық. Біраз уақыт өткен соң өз үлесімді тауысып, кішкентай інімнің үлесіне көз сала бастадым. Ағалығымды көрсетіп, алдап-сулап, анда-санда қорқытып қоямын, сондағы бар ойым қалайда інімнің үлесіне тиген тәттіден жымқырыпқалу, оның алдында өзімдікін тауысып тастағаным қаперіме кірер емес, інім байғұста шыр-пыр етіп, қолындағысын берер емес. Сонда да үлкендігімді танытып, бір-екі «Каракум» деген тәтті кәмпитті көзі тайып кеткен сәтте басып қалдым.
Сонда бізге мейірлене қарап отырған ардақты әжеміз:
« - Балам, дана халқымызда: «Өзіңде асың болса, кісіде қасың бар ма» деген аталы, әрі мағынасы терең бір мәтел бар. Осы алдарыңдағы затты (тәттілерді) атаң екеуміз сендер таласып, біріңнің хақыңды бірің жеу үшін әкелмедік. Тек үлкен бір үйдің дастарханынан бала-шағамыз ауыз тисін деген оймен алған едік.Әйтпесе, бұл аз ғана сарқыт сендердің ауыздарыңа жұғында болмайды, тек дәм татқандарың болмаса, сондықтан қарақтарым, арзан асқа ағайындықтарыңды сатпаңдар, керісінше бір дәнді болса да бөліп жеп туыстық қатынастарыңды берік ұстаңдар... Сендердің барлығың мына атаң екеуміз үшін бірдейсіңдер, әрі үлестеріңді де теңдей көреміз. Сондықтан тапқан-таянғанымыздың, жиған-тергеніміздің барлығы сендердікі, яғни бала-шағамыздың ризық-несібесі. Ал бізден қалған әрбір затты ағайыншылықтарыңды жоғалтпай, береке-бірлікпен бөлісе, әрі ортақ пайдалана біліңдер. Тағы бір айтарым, құлыным, болашақтарың әрі алда сендер енді ғана өсіп, көктеп келе жатқан өркенсіңдер, алдарыңнан әрі талай-талай сынақтар кездеседі. Өмірде қандай жағдай болса да, бар кездеріңде шүкіршіліктеріңнен, жоқ кездеріңде қанағаттарыңнан айырылмаңдар. Қолда барға қанағат етіп, қолда жоқта кісі ақысына ешқашан көз алартпаңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар, ақ болыңдар, адал жүріңдер. Бізде, шал екеумізде қаншалықты өмір қалды дейсіңдер, осы айтқандарымды көңілдеріңнің құтысына төгіп алмай дәлдеп құйып алыңдар қарақтарым,» - деп сөзін аяқтаған еді.
Міне, сол уақыттан бері аттай 15 жыл өтіпті, ата-әжем берген тәттінің дәмі есімде қалмаса да, әжемнің айтқан бір ауыз ақылы санамда мәңгі сақталары хақ...
Жоғарыда бейнеленген суреттің мағынасын осы әжемнің айтқан аз сөзі ашып тұрғандай. Тек қосарым, бір-бірінің ақысын жеп, кісінің ала жібін аттау, біреудің адал тапқан малын, азғындықпен «берсе жолынан, бермесе қолынан» деп реті келсе тартып жеп, реті келмеген жағдайда ұрлап, жырлап жеу қазіргі іріп-шіріген заманда таңсық болмай қалғаны өкінішті-ақ...
Қорыта айтқанда, сол шіркіндерің ата-баба аманатын, пайғамбардың (с.ғ.с) өсиетін, тіптен бүкіл әлемнің раббысы болған Аллаһ Тағаланың ескертулерінен сабақ алмай жүргендері жанға батады. Жоғарыда Аллаһ Тағала ескерткендей шаңның тозаңындай істеген жақсылығымыз үшін сауабымызды алсақ, керісінше шаңның тозаңындай істеген жамандығымыз үшін де жауабын берсетін боламыз. Сондықтан құрметті ағайын, қамшының сабындай қысқа аз ғұмырымызда сіз бен бізімізден айырылмай, біреудің ала жібін аттамай, ақысын жемей, керісінше қолымыздан келгенінше аз да болса бір-бірімізге жақсылық жасағанымыз жөн.
Сөз соңында айтарым, құрметті оқырман баршамызды Аллаһ Тағала ешкімнің ала жібін аттамайтын, өзіне сүйікті құл, Пайғамбарға (с.ғ.с) лайықты үммет, халқымызға адал ұл, ата-анамызға салихалы ұрпақ болуға нәсіп етсін. Амин!
Жәлел Бауыржан